$ 501.79  595.07  6.56

«Қысым көрсетілген»: Өскеменде қаза тапқан сарбаздың туыстары өзін атқанына сенбейді (ВИДЕО)

"Күн сайын достарына қоңырау шалып, қаржы керек екенін айтқан". 

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Түркістан облысынан әскерге аттанған тағы бір жас сарбаз туған еліне табытпен оралды. Қайғы жұтқан анасы ұлының қызмет барысында күн сайын ақша сұрап хабарласқанын айтып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Марқұмның анасы 20 жастағы Қазыбек Оспановтың өзіне қол жұмсады деген нұсқаға сенбейді. Оның айтуынша, баласы әскери бөлімде қысым көріп, соның салдарынан көз жұмған. Ал әскери басшылық керісінше, сарбаз өзін-өзі атып өлтіргенін алға тартып отыр.

Оспановтар әулеті үш күннен бері қара жамылып отыр. Үш айдан кейін елге оралады деп күткен ұлдары туған шаңырағына табытпен жеткізілген. Анасы баласының өзіне қол салғанына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, Қазыбек қызметке кеткеннен кейін таныстарынан, бұрын бірге жұмыс істеген адамдардан да қарызға ақша сұраған. Барлығын әскерден келген соң қайтарамын деп уәде беріпті.

“Балам қатты қиналған сияқты. Бірақ маған ештеңе айтпады. Менің жағдайымды ойлап, үнсіз жүрген. Ал сырттай бәрінен ақша сұрапты. Күн сайын қоңырау шалып, қаржы керек екенін айтқан. Менің балам қысым көрген”, – дейді марқұмның анасы Майра.

Жақындарының айтуынша, Қазыбек әскерге өз еркімен бармаған. Көру қабілетінде ақауы болып, медициналық анықтамасы да болған екен. Соған қарамастан былтыр қыркүйекте мәжбүрлі түрде әкетіп, жол үстінде денсаулығына байланысты кері қайтарған. Алайда биыл сәуір айында күзетші болып жүрген жерінен қайтадан алып кеткен көрінеді.

Ал Қорғаныс министрлігі сарбаздың әскерге өзі сұранып барғанын мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, ал іс әскери прокуратураның бақылауында.

Марқұмның туыстары өлімге қатысты күмәнді жайттардың көп екенін айтады. Қарауыл кезіндегі бейнебақылау жазбалары сақталғанымен, оқ атылған сәт камерада көрінбейді. Сонымен қатар сот-медициналық қорытындыда өлім себебі бас ми жарақаты деп көрсетілгенімен, құжатта мөр болмаған. Қаралы отбасы осының бәрі істің көмескі тұстары екенін айтып, әділ тергеу жүргізілуін талап етуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0