27.01.2026, 12:40

«Тергеу құпиясы бұзылды»: Марқұм Нұрайдың туыстары желіде тараған видео бойынша арыз түсірді

Фото: видео скриншот

Бұл туралы «31 арна» мәлімдеді.

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың отбасының мүддесін қорғайтын адвокат полицияда түсірілген видеоматериалдың желіге тарап кетуіне байланысты шағым берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада марқұм қыздың полицияда берген жауабы көрсетілген. Кадрларда ол күдіктіге шағымы жоқ екенін айтқан. Аталған видеоны бұрынғы құқық қорғау қызметкері жариялағаны белгілі болды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов экс-полицейге қатысты құпия дәлелдерді таратқаны үшін ресми шағым түсіргенін мәлімдеді.

«Бұл жаңалық біз үшін күтпеген жағдай емес. Бейнежазба — тергеу барысындағы дәлелдердің бірі және ол іс толық аяқталмайынша жария етілмеуі тиіс. Мұнда тергеу құпиясы өрескел бұзылған. Мұндай әрекеттер үшін, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Біз шағым бердік, енді тергеу құқықтық баға береді», — деді адвокат.