27.01.2026, 14:00

Қаскелеңде ер адам әйелі мен енесін өлімше етіп сабаған видеосы тарады (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Жәбірленуші ауыр хәлде екенін айтып, көз жасына ерік берді. 

Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында жұртты шошытқан тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелді. Ер адам ажырасу алдында жүрген жұбайы мен енесі тұратын үйге келіп, екеуін де аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сілтеме жасап. 

Жәбірленуші әйелдің айтуынша, күйеуінің қол көтеруі бұрыннан жалғасып келеді. Бұл жолы ол күректің сабын пайдаланып, алдымен әйелін, кейін араша түспек болған анасын ұрған. Қорқынышты көрініс бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Видеодан ер адамның аулаға кіре сала қолындағы таяқпен әйелін бірнеше рет соққылағанын көруге болады. Соққының қатты болғаны соншалық, ағаш сынып кеткен. Кейін ол әйелдің анасын да ұрып, аулада тұрған көліктің әйнектерін шағып, жарамсыз күйге түсірген.

Жәбірленуші ауыр хәлде екенін айтып, көз жасына ерік берді:

«Тағы да ұрып кетті. Көлігімді де талқандады. Қолым сынған сияқты, денемнің барлық жері ауырып тұр. Күректің сабымен арқамнан, аяғымнан ұрды. Анамды да аямады. Терезелерді сындырды. Сол қолымды мүлде сезбеймін. Бетім қан-жоса. Әпкемді де соққан. Бұл қашан тоқтайды? Балаларды алып кеткен сайын осылай істейді. Полиция шақырдым. Прокуратураға арыз жазамын. Көмектесіңіздерші…»

Қазіргі таңда оқиғаға қатысты Алматы облыстық Полиция департаментіне ресми сұрау жолданды.