Тексеру қорытындысына сәйкес, болған оқиға үшін жауапкершілік басқарма басшысына жүктелген.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға қатысты қызметтік тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы SMARTNEWS.KZ басылымына сілтеме жасап.
Тексеру қорытындысына сәйкес, болған оқиға үшін жауапкершілік басқарма басшысына жүктелген. Журналист Михаил Козачковтың қолына түскен ресми құжатта Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті жүргізген тексеру барысында Серік Сәпиевтің әрекеттерінен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзу белгілері анықталғаны көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, жанжал 2026 жылғы 21 қаңтарда облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында, яғни басқарма орналасқан мекемеде болған. Басшы мен оның орынбасары арасындағы дау үшінші тұлғалардың, соның ішінде спорт ұйымдарының өкілдері көзінше физикалық қақтығысқа ұласқан. Қызметтік тексеру барысында бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, бейнебақылау камераларының жазбалары және жанжалға қатысушылардың түсініктемелері зерттелген. Нәтижесінде тараптардың бір-бірін ұстап қалғаны, соның салдарынан орынбасардың құлағаны, ал басқарма басшысының кабинеттен есікті қатты тарс жауып шығып кеткені расталған.
Тексеру материалдарында бұл әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда теріс резонанс туғызғаны атап өтіледі. Қызметтік комиссия Серік Сәпиевтің әріптесіне қатысты әдепсіз әрі орынсыз мінез-құлық танытқанын, ұжымда іскерлік және сыйластық ахуалды сақтауға үлес қоспағанын және өз әрекеті арқылы мемлекеттік органның қоғам алдындағы абыройына зиян келтіргенін қорытындылаған.
Сонымен қатар, құжатта лауазымына немесе бұрынғы еңбегіне қарамастан, мұндай әрекеттерге жол берілмейтіні, ал мемлекеттік орган басшылары кәсіби әрі этикалық мәдениеттің жоғары үлгісін көрсетуге міндетті екені баса айтылған. Қызметтік тексеру материалдары одан әрі шешім қабылдау үшін Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жолданды.
Бұған дейін Серік Сәпиев жанжалдың туындауына орынбасарының заңсыз әрекеттері себеп болды деп мәлімдеген еді. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тексеру қорытындысын күтуді ұсынған. Сонымен қатар оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелгені хабарланған, алайда тергеу мүддесіне байланысты оның егжей-тегжейі жария етілмей отыр.