29.01.2026, 19:00

Алматылық әйел автобуста 4,1 млн теңге ақшасы мен алтынынан айырылып қалды

Фото: Алматы ПД

Жедел тергеу іс-шаралары барысында күдіктінің қылмысқа қатысы бары толық дәлелденді.

Тергеу барысында күдіктінің таңертеңгі уақытта автобус ішінде жолаушының сөмкесінен жасырын түрде ұлттық және шетел валютасындағы қаражатты, сондай-ақ алтын бұйымдарды ұрлағаны анықталды. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 4,1 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Полицияның мәліметінше, жедел тергеу іс-шаралары барысында күдіктінің қылмысқа қатысы бары толық дәлелденді. Тінту кезінде ұрлық фактісін растайтын заттай дәлелдемелер, оның ішінде ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді.

– Сонымен қатар күдіктінің кінәсі қоғамдық көлік салонында орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларымен де дәлелденіп отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, – деді Алматы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.

Полиция азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға, қоғамдық көлікте жүргенде жеке мүлкіне аса мұқият болуға үндеді.