$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысында су ресурстарын тиімсіз пайдалану түйткілдері бар — Елбасы

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының активімен кездесті. Онда Елбасы аграршыларға пайдаланылмай жатқан жерлерді беру мәселесі жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдегендей, кездесуде Мемлекет басшысы кандидатурасын облыстық мәслихат депутаттары мақұлдаған өңірдің жаңа басшысы Амандық Баталовты таныстырды. Мемлекет басшысы А.Мұсахановқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдіріп, денсаулық пен табыс тіледі. 

Нұрсұлтан Назарбаев А.Баталовтың облыста ұзақ уақыт қызмет істегенін, өңірдің ерекшелігін жақсы білетінін айтты.

— Осымен тоқтап қалмай, облысты бұдан әрі дамыту жұмыстарын жалғастыру қажет, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаңа басшылыққа бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде ол әр аудан өз үлесін қосуы үшін өңірдің ішкі дамуында тепе-теңдікке қол жеткізу қажеттігін атап өтті.

— Егер облыстың барлық аудандары бірдей қарқынмен дамымайтын болса, бұл өңірдегі өндірістің жалпы төмендеуіне әкеледі. Бұл - дотациялы өңір, сондықтан қолдау деңгейін біртіндеп азайтып, бюджетті толтырудың басқа да көздерін іздеу қажет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті аграршыларға пайдаланылмай жатқан жерлерді беру мәселесіне айрықша мән бере отырып, ауыл шаруашылығы саласында жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызды екеніне де тоқталды.

— Өңірде шамамен жарты миллион гектар суармалы жер бар, бұл - Қазақстанның барлық суармалы алқабының 45 пайызы. Осы учаскелерде әдеттегіден 10-12 есе артық егін жинау керек, ал сіздерде ол небәрі 2,5 есеге ғана ұлғайып отыр. Сондай-ақ, су ресурстарын тиімсіз пайдалану түйткілдері де бар, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі біліммен қамту, туризмді дамыту бағыттары бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Соңында Қазақстан Президенті барлық өңірлер үшін негізгі міндет тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық даму және халықтың әл-ауқатын арттыру болып саналатынын тағы бір еске салып өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары