02.02.2026, 10:50

Дәріханада дәрі 4 есе қымбат сатылған: Қарағандыда баға бақылаусыз ба?

Фото: internist.ru

Аталған дерекпен шектелмей, тұрғын бұрын сатып алған өзге де дәрілердің құнын тексерген.

Қарағанды қаласының тұрғыны бір дәріханадан сирек кездесетін дәрі-дәрмек сатып алғаннан кейін оның бағасын ресми шекті бағалар тізілімінен тексеріп, жағасын ұстады. Белгілі болғандай, препарат мемлекет бекіткен шекті бағадан шамамен төрт есе қымбатқа сатылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Аталған дерекпен шектелмей, тұрғын бұрын сатып алған өзге де дәрілердің құнын тексерген. Нәтижесінде бірнеше медикаменттің бағасы рұқсат етілген мөлшерден 600–1000 теңгеге дейін артық екені анықталған. Мамандардың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағаны асыра белгілеу – заңның тікелей бұзылуы және мұндай жағдайлар міндетті түрде тиісті органдардың қатаң әрі жедел әрекетін талап етеді.

Алайда дәріханаларда баға осылайша шарықтап тұрған кезде, баға саясатын бақылауға жауапты Қарағанды облысының әкімдігі бұл мәселеге неге дер кезінде назар аудармағаны түсініксіз. Сарапшылар азаматтарды дәрі-дәрмектің құнын ресми дереккөздер арқылы тексеруге және заңсыз баға қойған дәріханаларға қатысты уәкілетті органдарға шағымдануға шақырады.