02.02.2026, 16:20

«Голубойдың» киімі»: Елге белгілі имам шалбар киетін еркектерді аямай сынады (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Бізде «дін мемлекеттен бөлінген» деген қағида бар.

Қазіргі таңда дін халықтың дүниетанымын қалыптастыруда елеулі орынға ие болып, кейде зайырлы мемлекеттің қағидаттарына мүлде үйлеспейтін құндылықтарды белсенді түрде насихаттап отыр. Бұл туралы журналист Гүлжан Ералиева желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Қай «өткеннің моласынан» шыққаны белгісіз кейбір имамдар қараңғылыққа жетелейтін уағыз айтып жүр. Бірде домбыра мен музыка «харам» делінеді, енді бірде сахналық костюмдер «гейлердің киімі» деп бағаланады.

Негізінде, бұл – қолданыстағы мемлекеттік құрылымға қарсы қоғам қалыптастыруға бағытталған идеологиялық жұмыс. Кеше елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылданды. Ал неге надандық пен мракобесие насихатына шектеу қойылмайды?», — деді ол.

Оның айтуынша, қазір мракобесие шоғырланған ортада әлеуметтік, таптық, ұлттық және діни алауыздықтың барлық түрі жинақталып отыр.

Бізде «дін мемлекеттен бөлінген» деген қағида бар. Алайда бүгінде дін мемлекет ішіндегі мемлекетке айналып үлгерді. Оның ішінде тек рухани ауытқушылық қана емес, болашақтың ерекше ұрпағы да қалыптасып жатыр.

Қазіргі тұрақсыз әлемде, өркениеттер арасындағы тепе-теңдік бұзылып жатқан тұста, дін ортағасырлық өткеннің кегін қайтарып, мемлекеттік тәртіптен жоғары тұруға және өз ережесін орнатуға ұмтылуы әбден мүмкін. Иран үлгісі соның бір көрінісі», — деп жазды медиамаман.

Елімізде діннің пайдасына қалалардың қақ ортасына алып әрі қымбат мешіттер салынуда.

«Ал ол мешіттерге баратын мыңдаған адамның әлеуметтік жағдайы бұл ғимараттардың байлығымен салыстыруға келмейді. Әсіресе жұма күндері жастар мешітке жаппай ағылып, шынайы сенімін сол жерде білдіреді. Олар үшін сенім сайлауда немесе референдумда емес, мешітте көрініс табады.

Билік халықтың сенім деңгейі тұрғысынан дінге әлдеқашан жол беріп қойды. Бірақ соған қарамастан, азаматтық қоғаммен күрес жүргізіп, қоғамдық белсенділікті қатаң шектеп, сөз бостандығы үшін қылмыстық жаза қолдануда. Ал өз идеологиясына қарсы әрекет етіп отырған сауатсыз әрі қауіпті дін қызметкерлерінің мракобесиеге толы әрекеттеріне үнсіз төзіп отыр», — деп қорытындылады Гүлжан Ералиева.