Аталған мәселе Каржаубай көшесінде тіркелген.
Өскеменде жаяу жүргіншілер үшін қарапайым қауіпсіздік те қолжетімсіз болып отыр. Әлеуметтік желіде тараған видеода тұрғындардың қар мен лайға толы жол жиегімен, көліктердің қасынан жүруге мәжбүр екені көрсетілген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Видео авторының айтуынша, бұл бағытпен ата-аналар күн сайын балаларын ертіп емханаға барады. Алайда көшеде жаяу жүргіншілерге арналған қалыпты тротуар жоқ. Жол жиегі ойылған, қар тазаланбаған, ал көліктер жоғары жылдамдықпен қатынайды. Ауа райы қолайсыз күндері балалармен жүру тіпті қауіпті.
Кадрларда баласын арбаға отырғызып, тар әрі тайғақ жолмен әрең қозғалып келе жатқан әйел көрінеді. Бір қадам жаңылса, көлік жолына түсіп кету қаупі бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай баланың да, ата-ананың да өміріне тікелей қатер төндіреді.
Желі қолданушылары да мәселенің бір көшеге ғана қатысты емес екенін жазуда. Dinara_eskalieva халықаралық автовокзал маңынан өзге бағыттардың да дәл осындай күйде екенін айтса, Faridaabdulmazhinova 35-мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде жүргізушілердің жол бермейтінін жеткізген. Ал Viktoriya_wings_semey Сәтбаев көшесінің көпір алдындағы бөлігінде де жағдай қауіпті екенін жазған. Moldir_zhumabekova трасса жиегінің тазаланбайтынын ашық сынға алса, Baglan_2211 қалаға жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың ауадай қажет екенін атап өтті.
Осындай жағдайда Өскемен әкімдігі тротуарсыз көшелерге көз жұма қарап, тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр.