$ 505.17  599.54  6.59

«Бауыр трансплантациясы жасалған»: Талдықорғанда әкесі сабаған бала жайлы тың дерек (ВИДЕО)

Қазір күдікті қамауға алынған. 

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда үш жасар қызын соққыға жықты деген күдікпен ер адам ұсталды. Белгілі болғандай, жәбірленуші бала бұған дейін күрделі операция, яғни бауыр трансплантациясын жасатқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған байланысты "Солнце в Ладошках" қайырымдылық қорының өкілі Юлия Плахотник Instagram парақшасында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қор екі жыл бұрын дәл осы қыз балаға бауыр ауыстыру операциясына қаражат жинаған.

Юлия Плахотниктің сөзінше, сол кезеңде баланың әкесі емделуге қарсы болып, тіпті қызын шетелге шығаруға кедергі келтірген. Тек қор тарапынан құқықтық жауапкершілік жөнінде ескертілгеннен кейін ғана анасы мен бала Түркияға емделуге жіберілген.

"Қыз бала ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Бауыр циррозынан бөлек, оған ұзақ уақыт бойы тиісті күтім жасалмағаны анықталған. Дене мүшелерінде қатты асқынған бөртпелер мен жаралар болған. Анасының көзқарасы мен күйі оның зорлық-зомбылық көргенін аңғартып отыр. "Ол сені ұра ма?" деген сұраққа әйел "иә" деп жауап берген. Анасы сол кезеңде терең депрессияда болып, психологиялық тұрғыда өте ауыр жағдайда жүрген. Көп ұзамай балаға күрделі операция жасалып, медициналық қызметкерлер тарапынан ерекше күтім көрсетілген. Қызды жуындырып, тазалап, жағдайын қалпына келтіруге барынша күш салынған", – деді қор өкілі.

Қор қызметкерлері анасы мен балаға киім-кешек пен қажетті заттарды алып берген. Осыдан кейін Жадыра күйеуіне қайта оралмайтынын айтып, уәде еткен.

Алайда осы уақытта баланың әкесі қор өкілдеріне және ұйым басшылығына қоқан-лоқы көрсете бастаған. Қор өкілі бұл жағдайдың шын әрі аса қауіпті екенін атап өтті. Алғашында ер адамның психикалық ауруы бар деген күдік болғанымен, кейін оның әрекеттері алкоголь мен басқа да зиянды әдеттердің салдары екені белгілі болған. Ол кезде Жадыра балаларымен бірге онымен бірге тұрмаған.

"Түркиядан оралғаннан кейін Жадыраның анасы қайтыс болып, дәл осы қиын кезеңде бұрынғы күйеуі қайта пайда болғаны айтылды. Әйел қатты күйзеліске түсіп, психологиялық тұрғыда мүлде әлсіреген. Ол өзіне көрсетілген зорлыққа қарсы тұра алмайтын жағдайға жеткен", – деді Юлия Плахотник.

Юлия Плахотник мұндай жағдайға үнсіз қалуға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, егер анасы берген куәлігінен бас тартып, видеоматериалдарды өшіруге келіссе, ол да заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін. 

"Біз оны бұлай болсын деп құтқарған жоқпыз. Ұзақ уақыт үнсіз келдім, бірақ мұндай жағдайды жасырып қалуға болмайды. Мен Ақжарды аман алып қалу үшін түн ұйқымды төрт бөліп, қаражат іздедім. Егер баланың анасы өз сөзінен бас тартып, айғақтарды жоққа шығарса (оның ауруханадағы видеоны өшіруді сұрап жүргенін білемін), ол да әкесімен бірге жауапқа тартылады. Қазақстанға келіп, баланың әкесінің маған өліммен қорқытқанын дәлелдейтін дауыс жазбаларын ұсынуға дайынмын", – деді Юлия Плахотник.

Қазір күдікті қамауға алынған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0