$ 505.17  599.54  6.59

БҚО-дағы ауруханада лифт жоқ: дәрігерлер науқастарды қолмен тасып жүр (ВИДЕО)

Бұл жағдай медициналық персоналға айтарлықтай ауыртпалық түсіріп, олардың денсаулығына қауіп төндіруде.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Даринск ауылындағы №2 аудандық ауруханада жүк лифті ұзақ уақыттан бері жұмыс істемей тұр. Соның салдарынан науқастарды қабаттар арасында медбикелер мен медбраттар қолмен көтеруге мәжбүр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде тараған видеода медицина қызметкерлерінің науқастарды, оның ішінде арбамен қозғалатын азаматтарды да үшінші қабатқа көтеріп жатқан сәті бейнеленген. Бұл жағдай медициналық персоналға айтарлықтай ауыртпалық түсіріп, олардың денсаулығына қауіп төндіруде.

Видео авторының айтуынша, жүк лифті шамамен екі жылдан бері істемейді. Бұған дейін лифт шахтасына адамның құлап кету дерегі тіркелгеннен кейін ғана есігіне құлып салынған. Алайда мәселе сол күйі шешілмей отыр.

Лифттің істен шығуына байланысты ауруханада науқастарды ғана емес, марқұмдарды да қолмен көтеріп-түсіруге тура келеді. Кей жағдайда бұл жұмысқа тек медбикелер мен медбраттар емес, әйел дәрігерлер де қатысады. Ал туыстары жоқ кезде барлық ауыр жүк медициналық персоналдың мойнына жүктеледі.

Куәгерлердің сөзінше, лифттің істен шығуына мердігер компанияның жауапсыздығы себеп болған. Алайда түйткіл ұзақ уақыт бойы көтеріліп келе жатқанына қарамастан, нақты шешім қабылданбаған.

Видео: Instagram - Barys_media

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0