$ 503.44  593.35  6.55

Қарашығанақ ісі: мемлекет мүддесі халықаралық сотта қорғалды

Сот шешімі бойынша серіктестердің нақты қандай көлемде өтемақы төлейтіні әзірге анықталған жоқ.

Коллаж: Жасанды интеллект
Коллаж: Жасанды интеллект

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса «Қарашығанақ» жобасының акционерлері арбитраждық дауда жеңіліп, Қазақстан Үкіметіне өтемақы төлеуге міндеттелгенінін негізге ала отырып, әлеуметтік желідегі жазбасында маңызды жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот шешімі бойынша серіктестердің нақты қандай көлемде өтемақы төлейтіні әзірге анықталған жоқ. Алайда тәуелсіз заң сарапшыларының бағалауынша, өтемақы мөлшері 2–4 миллиард АҚШ доллары аралығында болуы мүмкін.

Бұл жоба айналасындағы жағдайға Bloomberg те назар аударды. Халықаралық беделді басылым оны жеке дау емес, мемлекет пен трансұлттық мүдделер арасындағы текетірес ретінде бағалайды.
Бұл туралы Bloomberg агенттігінің ақпаратына сүйеніп, PSA командасын алдын ала жеңісімен құттықтаған NRG_monitor Telegram-арнасы хабарлады. Акционерлер аталған шешімге шағым түсіруі мүмкін.
Арбитраждық шешім Қазақстан Үкіметінің ұстанымын растады. Яғни компаниялар Қарашығанақ кен орны бойынша өнімді бөлу туралы келісім (PSA) аясында өтелуге жатпайтын, бекітілмеген артық шығындар мен өзге де шығыстарды өтеуді талап еткен.

Мұндағы негізгі құрал — PSA (Production Sharing Agreement). PSA — мемлекеттің жер қойнауын пайдалану саласындағы стратегиялық тетігі. Дәл осы механизм арқылы Қазақстан өз мүддесін қорғап, халықаралық сотта жеңіске жетті. Бұл — мемлекеттің экономикалық егемендігін нақты іспен дәлелдеген сирек мысалдардың бірі.

Нәтижесінде жобаның акционерлері жеңіліске ұшырады. Көп жыл бойы негізгі пайданы иеленіп келген тараптар мемлекет талабын мойындауға мәжбүр болды. Бұл тек қаржылық емес, саяси-құқықтық жеңіс те болды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 17 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған «Мұнайдың триллиондары қашан қайтады?! Халықаралық күрделі дауларға мемлекеттік органдарымыз дайын емес!» атты депутаттық сауалы жарияланған болатын.

Аталған сауалда шетелдік корпорациялардың елімізге келтірген экологиялық залалдары, тендер талаптарын бұзып, мердігерлік міндеттемелерін орындамағаны және осы үшін төлеуі тиіс триллиондаған теңге өтемақының өндірілмей отырғаны жөнінде мәселе көтерілді.

«Отыз жылдан астам уақыт бойы қазақ мұнайын игеріп келе жатқан шетелдік компаниялармен есеп айырысу қалай жүргізіліп жатыр? 1990-жылдары жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) көбіне инвесторлардың ғана мүддесін қорғап отыр. Бұл келісімдерді қайта қарау қажет», – деді Қазыбек Иса.
 

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы:

«Өнімді бөлу туралы бұрынғы келісімдер 30 жыл бұрын мүлдем басқа жағдайларда жасалған. Оларды ұзарту кезінде өзгерістер енгізу қажет», – деп мәлімдеген болатын.
 

Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы айқын көрінеді. Мемлекет тарапынан мұнай-газ саласын қолға алу, дамыту, одан әрі ілгнерілету басты назарда.

– Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан бұл салада ашық және жан-жақты ойластырылған саясат жүргізу арқылы жаһандық экономикаға дендеп еніп, үлкен көлемде инвестиция тартып жатыр, – деді Президент.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылы Қазақстан билігі шетелдік компанияларды тендер тәртібін бұзды және мердігерлік міндеттемелерін орындамады деп айыптап, Қашаған бойынша 13 млрд доллар, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар көлеміндегі шығынды қайтаруды талап еткен.

Сол жылы наурыз айында North Caspian Operating Company N.V. компаниясынан экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 2,3 трлн теңге (сол кездегі бағам бойынша 5,1 млрд доллар) айыппұл талап етілген. Алайда екі жылға созылған сот дауларының нәтижесінде мемлекет бұл істе жеңіліп, аталған айыппұл әлі күнге дейін өндірілмеген.

«2023–2025 жылдар аралығында теңгенің құнсыздануы салдарынан талап етілген айыппұлдың өзі шамамен 1 млрд долларға азайды. Яғни біз уақыт созудың салдарынан тағы да миллиардтаған қаржыдан айырылып отырмыз», – деді депутат.

Оның есебінше, бүгінде шетелдік компаниялар заңсыз иеленіп отырған 16,5 млрд доллар (8,6 трлн теңге) және өндірілмей отырған 5,1 млрд доллар айыппұлды қосқанда, жалпы шығын 11 трлн теңгеден асады. Бұл – республикалық бюджеттің жартысына жуық сома.

«Айыппұлдарды теңгемен белгілеу – шетелдік компанияларға тиімді, ал мемлекетке зиян. Мұнайдан табыс доллармен түседі, ал айыппұл теңгемен белгіленген соң девальвация кезінде оның құны азаяды», – деді Қазыбек Иса.

Ол сондай-ақ мемлекеттік органдардың талап-арыздарды ұзақ уақыт дайындауы мен сот процестерінің созылуы шетелдік корпорациялардың мүддесіне жұмыс істеп отырғанын атап өтті.

2026 жылғы қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Үкімет халықаралық арбитраждық процестерде мемлекеттің мүддесін қорғау үшін халықаралық консультанттар мен техникалық сарапшыларды тартқанын және дәлелдемелік база қалыптастырылып жатқанын хабарлады.

Ал Қарашығанақ жобасы бойынша арбитраждық шешім Қазақстан пайдасына шықты. Егер өтемақы 4 млрд доллар көлемінде өндірілсе, бұл шамамен 2 трлн теңге болады.

Бұл қаржы:
– республикалық бюджеттің шамамен 7–8 пайызына тең;
– бюджет тапшылығының 70 пайызына жуығын жабуға мүмкіндік береді;
– Ұлттық қорға түсетін салмақты азайтады;
– жол жөндеу, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жеткілікті болар еді.

Сондай-ақ бұл шешім PSA шарттары бойынша мемлекеттің ұстанымын күшейтіп, болашақта операторлардың «артық шығын» көрсету тәжірибесін шектеуге ықпал етеді.

Ендігі кезекте Қашаған жобасы бойынша арбитраж нәтижесі күтіліп отыр. Сарапшылардың бағалауынша, бұл дауда Қазақстан ұтқан жағдайда 5–10 млрд доллар аралығында қаражат қайтарылуы мүмкін.

«Бұл – ұлттық байлықтың кімге және қалай қызмет етуі тиіс екенінің нақты жауабы. Мұнайдан түскен табыс халық игілігіне жұмыс істеуі керек. Мұнай мұхитының бір тамшысы ғана емес, әділ үлесі халыққа жетуі тиіс», – деді Қазыбек Иса.

Ол бұл істі мемлекет пен трансұлттық корпорациялар арасындағы экономикалық егемендік үшін күрестің көрінісі деп бағалады.

«Бұл тек бір жобаның тағдыры емес. Бұл – ұлттық мүдденің қорғалуына қатысты мәселе. “Ақ жол” партиясы осы бағыттағы жұмысын жалғастыра береді», – деді депутат.

Сонымен қатар, PSA компаниясының құрылымы мен қызметін ашып көрсету — бүгінгі күннің талабы. Қандай шешімдер қабылданды, кімдер пайда көрді, кімдер жауапты болды — мұның бәрі жария болуы керек.

Бұл процестің негізгі драйвері, яғни, қазақтың кетіп бара жатқан есесін кері қайтаруға бел шеше кіріскен - PSA ұйымы және оның бас директоры Бекет Ізбастинді айырықша атауға болады.

Инвесторлардың ісінен күдіктенген PSA тәуелсіз аудит шақырады. Күдік расталады: консорциум мемлекетке келісілмеген және экономикалық негізі әлсіз шығындарды ұсынған!Бұл, сөзсіз, Қазақстанның үлесін қысқартуға бағытталған әрекет еді.

Осыдан кейін Бекет Ізбастин басқаратын PSA Қарашығанақты тереңірек қазу керегін түсінеді!

2010 жылдан бергі он жылдан астам кезеңдегі қаржылық есептерді қайта қарап шыққанда консорциум тарапынан біраз бұрмалау кеткені анықталады.

Іс Лондон арбитражына тапсырылған, ағылшынның әділ соты PSA келтірген уәждерді орынды санайды, осылайша, Ізбастин табанды түрде Қазақстанның мүддесін қорғап, сотта жеңіп шығады!

Айтпақшы, бұл бірінші жеңіс емес, Қазақстан Қарашығанақ қатысушыларын осымен үшінші мәрте халықаралық арбитражда жеңіп отыр!

- 2012 жылғы дау нәтижесінде консорциум "ҚазМұнайГазға" жобаның 10% беруге мәжбүр болды.
- 2020 жылы 1,3 миллиард доллар өтемақы өндірілді!
- 2026 жылғы іс бойынша инвесторлар Қазақстанға 2-4 миллиард доллар аралығында қаражат қайтарады...

Мұнай сарапшылары, халықаралық даулар бойынша тәжірибесі бар білгіштер - Бекет Ізбастиннің PSA командасы тым қиын дауды Қазақстанға тиімді шеше алғанын "үлкен жеңіс, болашаққа бетбұрыс" деп бағалапты.

Бұл іс мемлекет үшін бір ғана жобаның тағдыры емес. Бұл — ұлттық байлықтың кімге және қалай қызмет етуі керек екенінің нақты жауабы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0