Ол мұндай қызметкерлерді «сол жағалаулық» кадрлар деп атап, олардың нақты жұмыс жүктемесі жеткіліксіз екенін меңзеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық компаниялардағы басқарушылық кадрлар мәселесін қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялар басшыларымен бұл тақырыпта арнайы, байыпты әңгіме жүргізгенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің сөзінше, кейбір компаниялардың құрылымы артық басқарушы кадрларға шамадан тыс толып кеткен. Ол мұндай қызметкерлерді «сол жағалаулық» кадрлар деп атап, олардың нақты жұмыс жүктемесі жеткіліксіз екенін меңзеді.
«Артық басқарушы буынға толып кеткен компаниялардың құрылымын сыни тұрғыдан, заманауи талапқа сай қайта қарау қажет. “Сол жағалаудағы” кейбір қызметкерлер жұмыссыздықтан жалығып, уақытын әлеуметтік желіде өткізіп, тіпті күмәнді пікірталастарға да қатысып жүр. Бұл жақсылыққа апармайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент инфляция тұрақтап, төмендей бастаған кезеңде нарықтық қағидаттарды күшейту басым бағытқа айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен бәсекелестік емес, өзара әріптестік негізінде тиімді байланыс орнатуы қажет.
Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылығы жоғары бірқатар стратегиялық салаларды да атады. Атап айтқанда, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу бағыттары басымдыққа ие болуы тиіс.
Президент жаһандық технологиялық үдерістер жеделдеген сайын критикалық материалдарға сұраныс күрт артатынын жеткізді. Осыған байланысты аталған салаларды дамыту мемлекет пен бизнес арасындағы конструктивті ынтымақтастыққа негізделуі керек екенін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері мен өзге де дамыған мемлекеттердің инвесторлары Қазақстандағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.