8 жылдан бері ана болуды армандап жүрген қазақстандық блогер желіде күтпеген сыйлық туралы айтып, көпшіліктің назарын аударды. Оның айтуынша, соңғы уақытта оған түрлі ырыммен берілген сыйлықтар көбейген. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
— 8 жылдан бері сәби аңсап жүрген әйел ретінде маған үнемі әдемі сыйлықтар береді. «Жұғысты болсын, балаларымыз көп болсын» деп, бөпелердің киімін сыйлайды. Үйімде «бесік тойдан» қалған киімдер өте көп. Мұның барлығына, әрине, қуанамын, – дейді ол.
Алайда бұл жолы берілген сыйлық блогердің өзін де, оқырмандарын да таңғалдырған.
— Бірақ өмірімде мұндай сыйлық (іш киім) аламын деп ойламаппын. Бұрын мұндайды тек кинодан ғана көретінмін. Ешқашан өзіме сыйлық ретінде алады деп елестетпедім. Сол іш киімді қолыма алған кезде жүрегім діңк ете қалды, – деп бөлісті ол.
Блогерді таңғалдырған тағы бір жайт – сыйлық берген адамның өтініші.
— Оның үстіне «мұны жумай ки» деді. Сол кезде мүлде не істерімді білмей қалдым. Шынымен солай кие беру керек пе, қалай ойлайсыздар? – деп оқырмандарына сұрақ қойды ол.
Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік пікір білдіріп, түрлі көзқарас ұсынды.
Кейбір қолданушылар мұны ырымға сенудің шектен шығуы деп бағалады:
«Мұны сауатсыздық деп ойлаймын»
«Бәрі Алланың қалауымен болады»
«Көңіліңізге алмаңыз, бірақ мұндайға сенудің қажеті жоқ»
«Лақтыра салу керек»
Тағы бір топ оқырман блогердің көңіл күйін түсініп, қолдау білдірген.
Желіде тараған бұл оқиға қазақ қоғамындағы ырым-тыйымға деген көзқарастың әлі де әртүрлі екенін көрсетті. Бірі мұны ниет пен тілектің белгісі десе, енді бірі мұндай әрекеттерді орынсыз деп санайды.
Айта кетейік, блогер бұл жағдайды бөлісу арқылы ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін, тек өзі үшін күтпеген әрі ауыр тиген сәт болғанын жеткізді.