Жұрт жауапты органдардан шұғыл шара қабылдап, колонканы қалпына келтіруді талап етеді.
Петропавлдағы Копай шағын ауданында тұрғындар қыс бойы ауызсусыз отырғанын айтып дабыл қағуда. Олардың сөзінше, көше колонкасы бірнеше айдан бері істемейді. Соған қарамастан, пайдаланылмаған қызмет үшін төлемақы ай сайын тұрақты түрде есептеліп келеді.
Тұрғындар жауапты мекемелерге қайта-қайта хабарласқанымен, колонканы жөндеу де, жылыту да жұмыстары қолға алынбаған. Соның салдарынан халық қақаған қыста суды өзге жерден тасып ішуге мәжбүр. Әсіресе Копайдағы «Зарина» диірмені маңында тұратын жұрттың жағдайы қиын — тіршілік нәріне қол жеткізу күнделікті машақатқа айналған.
«Жұмыс істемейтін колонкаға не үшін ақы төлейміз?» деген тұрғындар наразылығын ашық білдіруде. Коммуналдық қызмет сапасының бұл деңгейі халықтың ашуын туғызбай қоймайды. Ал жергілікті әкімдік базалық қажеттілік — ауызсу мәселесін дер кезінде шеше алмағаны үшін сынға ұшырап отыр.
Жұрт жауапты органдардан шұғыл шара қабылдап, колонканы қалпына келтіруді талап етеді.