$ 494.28  587.06  6.4

Еліміздің жетекші сарапшылары ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу сапасын арттыру мәселелерін талқылады

Іс-шараны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан ревматологтар алқасы ұйымдастырды.

Фото: КІАҒЗИ
Фото: КІАҒЗИ

Алматыда «Ревматология, пульмонология, нефрология, гастроэнтерология және эндокринологиядағы сабақтас мәселелер» тақырыбында VII ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Конференция жас және тәжірибелі ревматолог, терапевт, жалпы практика дәрігерлерін, пульмонолог, нефролог, гастроэнтеролог, эндокринолог және басқа да терапиялық бағыттағы мамандарды біріктірді.

Іс-шараны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан ревматологтар алқасы ұйымдастырды.

КІАҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев: «Біз өңірлік медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетеміз. Ревматологияда пәнаралық тәсіл аса қажет, себебі иммундық-қабыну аурулары жүйелі сипатқа ие және жиі коморбидті патологиялармен қатар жүреді. Ревматологтардың кардиологтармен, нефрологтармен, пульмонологтармен және басқа да мамандармен өзара іс-қимылы пациенттерді сараптамалық деңгейде жүргізуге, ауру белсенділігін бақылауға және қауіп-қатерлерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, институт мамандарының өңірлік әріптестермен өзара байланысы маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті.

Институттың терапиялық қызмет жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, түрлі бағыттағы мамандардың күш-жігерін біріктіру пәнаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге, ревматологиялық аурулары бар пациенттерді диагностикалау мен емдеу сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ғылыми бағдарлама аясында аутоиммундық ревматологиялық аурулар кезіндегі өкпенің интерстициалды аурулары, созылмалы бүйрек ауруын пәнаралық жүргізу, ревматикалық патологиялардағы эндокриндік бұзылыстар, гастроэнтерологиялық асқынулардың клиникалық аспектілері, сондай-ақ псориаздық артритті, анкилозды спондилоартритті және жүйелі қызыл жегіні емдеудің заманауи стратегиялары ерекше назарға алынды.

Конференция барысында жетекші қазақстандық сарапшылар жүйелі аутоиммундық аурулардың жіктелуі, диагностикасы және емделуі жөніндегі заманауи деректерді ұсынды, күрделі коморбидті пациенттерді жүргізудің қазіргі клиникалық тәсілдері, нақты клиникалық жағдайлар мен тәжірибелік шешім қабылдау алгоритмдері талқыланды.

Конференция тәжірибе алмасу, мазмұнды пікірталастар өткізу және пациенттер мүддесі үшін мультидисциплинарлық тәсілдерді дамытуға арналған кәсіби алаңға айналды.

Қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0