13.02.2026, 22:30

Қостанай облысы әкімінің орынбасарының ұсталғаны расталды

Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы әкімінің орынбасарына қатысты ақпаратты растады.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина ұсталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Kazinform басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін бұл ақпарат бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Кей деректерде оның қамауға алынғаны айтылған. Ашық дереккөздерде облыс әкімі орынбасарының аты өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы резонансты қылмыстық іспен байланыстырылған.

Атап айтқанда, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевке қатысты қамау шарасы қолданылғаны хабарланған еді.

Оларға медициналық ұйымдар үшін жабдықтарды мемлекеттік сатып алу барысында сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы бар деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Сот кабинеті порталында істің Қостанай қаласының тергеу сотына түскені туралы ақпарат пайда болған.