16.02.2026, 14:00

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде сарбаздың жақ сүйегі сынған

Фото: Azattyq Rýhy ЖИ арқылы жасаған

Ал тергеу уақытында әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғасы қызметтік міндеттерінен уақытша шеттетілген.

Гвардейск гарнизонының әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

«Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында», - деп мәлімдеді Бас әскери полиция басқармасы.

Осы факті бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркелген. Қазір жан-жақты тексеріс жүргізіліп жатыр.

Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық адамның, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғарыдағы қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, деп атап өтті Бас әскери полиция басқармасы.

Ал тергеу уақытында әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғасы қызметтік міндеттерінен уақытша шеттетілген.

Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұл жағдай Қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында, деп сендірді құзырлы орган.