16.02.2026, 15:50

Бөгетке балта шапқандар кім: заңсыз қазба 40 метр бетонды бұзды

Фото: Видеодан алынған кадр

Соның салдарынан бетонмен бекітілген бөгеттің шамамен 40 метрі қираған.

Көктем сайын тасқын қаупі күшейетін өзен бойында былтыр ауқымды қорғаныс жұмыстары жүргізілген еді. Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елді мекендерінің тұсында өзен арнасы реттеліп, 5,3 шақырым жағалау толықтай бетонмен бекітілген. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлініп, нысан желтоқсан айында пайдалануға берілген. Алайда арада көп уақыт өтпей жатып, стратегиялық маңызы бар гидротехникалық құрылысқа зиян келгені анықталды. Белгісіз тұлғалар өзен арнасынан заңсыз тас қазып алып, қорғаныс бөгетінің тұтастығын бұзған. Соның салдарынан бетонмен бекітілген бөгеттің шамамен 40 метрі қираған. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, қазір құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар бүлінген нысан мердігер компанияның есебінен қалпына келтірілетінін айтады. Жобаның кепілдік мерзімі — 7 жыл. Миллиардтар жұмсалған қорғаныс нысанының тағдыры осылайша заңсыз әрекеттің құрбаны болды. Енді жауаптылар табылып, келтірілген шығын өндірілмесе, тасқыннан қорғайтын бөгеттің өзі қауіп көзіне айналуы мүмкін. Видео: Instagram / aigakmedia парақшасынан алынды