Тұрғындар үйдің техникалық жағдайын шұғыл тексеріп, ақауларды толық жоюды талап етеді.
Шымкент қаласында жаңадан салынған тұрғын үй кешенінің сапасына қатысты тұрғындар дабыл қақты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қаратау ауданы, Тұран-1 шағынауданындағы «Адия» тұрғын үй кешенінде тұратын халық қасбет қабырғалары жарылып, сылақтың сөгіліп жатқанын айтып шағымданды. Айтуларынша, үйді қабылдап алғаннан кейін көп ұзамай сыртқы қабырғаларда ірі жарықтар пайда болған, бұл нысанның құрылыс сапасына күмән тудырып отыр. Тұрғындар алдымен Шымкент қаласының әкімдігіне жүгінген.
Алайда әкімдік өкілдері аталған үйдің өз балансында жоқ екенін айтып, келісімшарт жасалған тарапқа хабарласуды ұсынған. Бұдан кейін тұрғындар «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-на ресми өтініш жолдаған. Қордан келген жауапта мердігер мен тапсырыс беруші ұйымға жүгіну қажеттігі көрсетілген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, келісімшартта бұл ұйымдардың атауы мен байланыс деректері мүлде жазылмаған.
Соның салдарынан мәселені нақты кім шешуі тиіс екені белгісіз күйде қалып отыр. Жаңа үйдің қабырғасы қақ айырылып жатқанда жауапты мекемелердің бір-біріне сілтеуі - халықтың ашуын туғызған басты мәселе.
Тұрғындар үйдің техникалық жағдайын шұғыл тексеріп, ақауларды толық жоюды талап етеді. Олар басты мақсат - баспананы қауіпсіз күйде сақтап, тұрғындарға қалыпты өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету екенін айтады.