$ 489.17  576.63  6.38

«40 мың төлемегенсің»: Жамбылда тағы бір әйел перзентханада жан тапсырды

Айта кетейік, бірнеше тілді еркін меңгерген Салтанат шетелде білім алған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Жамбыл облысында босанып, ана атанған Салтанат Нышанбай жансақтау бөлімінде көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерлердің науқасқа босанғанға дейін де, кейін де тиісті деңгейде көңіл бөлмей, салғырттық танытқанын алға тартады. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Салтанаттың жақындарының сөзінше, орын алған жағдайға тек бір адамды кінәлау дұрыс емес.

“Бәрі кезекпен болды. Ол №2 поликлиникадан басталады. Салтанат қарашада тіркелуге екі рет барыпты. Оған “сен жеке кәсіпкерсің” деп айтыпты. “40 мың төлемегенсің” деген қолхат алыпты. Заңды қарастырдым. Онда босанатын, жүкті және ерекше тәуекел тобындағы адамдар, яғни осы үшінші санатқа жататындар, МӘМС жүйесінсіз-ақ қабылдануы тиіс болған”, – дейді марқұмның әпкесі Айнұр Нышанбай.

Емханаға тіркеле алмаған Салтанаттың уақыт өте жағдайы нашарлап, аяқтарының ісіп, өзін жайсыз сезінгенін жазған хаттары да болған. Туыстарының айтуынша, ол амалсыздан акушердің байланысын алып, кеңес сұрап отырған. Марқұмның анасы перзентхана дәрігерлері де қызына дұрыс күтім көрсетпеді деп күйінеді.

“Менің қызым қанқысымы жоғары болып келді. Бірақ сепсис болмаған. Осы больницаның кесірінен сепсиске айналып кетіп отыр. Осылардың кесірі деп ойлаймын. Содан кейін ұйқыдан қайтып тұрмады. Енді дәрігерлердің салғырттығынан, операция кезінде салғырт болғаннан сол сепсиске айналып кеткен. Менің қызымды ешкім қайтара алмайды. Бірақ дәрігерлер жазасын алса екен деймін”, – дейді қызынан айырылған ана Гүлзейнеп Тоғызова.

Дәрігерлер әйелді кесарь тілігі арқылы босандырған. Алайда бір апта өткен соң оның жағдайы күрт нашарлап, ес-түссіз күйге түсіп, комаға кеткен. Бір айдан кейін Салтанат өмірден өтті. Ал облыстық перинаталдық орталық өкілдері бұл жағдайға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

“Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Басқа ештеңе айта алмаймын. Күту керек”, – деді Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Жапарқұлова.

Айта кетейік, бірнеше тілді еркін меңгерген Салтанат шетелде білім алған. Оның артында 5 жастағы қызы мен небәрі 1 айлық сәбиі қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 1