Бұл туралы Lada басылымы хабарлады.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы тұрғын үй кешенінде 2025 жылдың қазан айында жертөледе жарылыс болып, салдарынан бес адам зардап шеккен еді. Алайда содан бері арада бес ай өтсе де, пәтерлерге көгілдір отын әлі берілмеген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бір қызығы, сол үйдің қазандығы дәл осы құбырлар арқылы жылытылып отыр. Ал тұрғындардың өз пәтерлеріне газ қосылмаған.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс салушы компания газ беруді әдейі тоқтатып отыр. Олардың болжамынша, мердігер инженерлік желілерді Мүлік иелерінің бірлестігі балансына өткізіп, төтенше жағдай туындаған жағдайда жауапкершіліктен жалтаруды көздейді.
Халық газ беруді шұғыл түрде қалпына келтіруді, қайта қосылуға кедергі келтіргені үшін құрылыс салушыны жауапқа тартуды және барлық инженерлік желіні қала балансына өткізуді талап етіп отыр.
Жауапты мемлекеттік органдар ретінде Маңғыстау облысының әкімдігі мен Ақтау қаласының әкімдігі аталды.
Өкінішке қарай, өңір билігі тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайына қатысты мәселені дер кезінде шешуге қауқарсыз екенін тағы бір мәрте көрсетті.