Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Атырау облысында көлік гаражынан 73 жастағы әйелдің денесі табылды. Оны өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы "Мой Город"-қа сілтеме жасап.
Басылымның Атырау облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, 19 ақпанда Орал қаласының 73 жастағы тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабар келіп түскен.
"Әйел Мақат ауданына келген. Полицейлер ақпаратты тексеру үшін дереу тұрғылықты жеріне барған. Үйді және ауланы тексеру кезінде гараждан зейнеткердің денесі табылды. Қылмыс жасады деген күдікпен оның азаматтық некедегі күйеуі ұсталды" - делінген хабарламада.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның айтуынша, ол тұрмыстық жанжал кезінде әйелге дене жарақатын салған. Туыстары зейнеткердің бір айдан астам байланысқа шықпағанын хабарлаған. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде.