Жарық сөнген кезде жылу мен ыстық су да тоқтайды.
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы 16-шағынаудан тұрғындары бірнеше күннен бері жарық жүйесіндегі ақаумен арпалысып келеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың айтуынша, электр қуаты тәулігіне 9–10 сағатқа дейін өшіп, соның салдарынан үйлер суып кеткен. Жарық сөнген кезде жылу мен ыстық су да тоқтайды. Күндізгі уақытта жарықтың жиі өшуі тұрмыстық техниканың істен шығуына себеп болған.
Халық бұл жағдайды мердігер ұйымдардың жауапсыздығымен байланыстырады. Атап айтқанда, жарық жүйесін жүргізген «Пырақ сервис» пен «Сад констракшн» компанияларының жұмысына наразылық білдірген. Тұрғындар жарықтың дұрыс қосылмағанын, салдарынан бүкіл шағынаудан зардап шегіп отырғанын айтады.
16-шағынаудан халқы жауапты тұлғалардың мәселені шұғыл шешіп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді.
Жергілікті әкімдік тұрғындардың базалық қажеттілігі – жарық пен жылуды қамтамасыз ете алмай отыр деген сын айтылуда.