$ 501.75  591.96  6.52

Кәріз суы үш аптадан бері паркингке ағып жатыр: Шымкентте тұрғындары әкімдік жұмысына наразы

Тұрғындардың айтуынша, бұл жай су емес – канализация жүйесінен келіп жатқан лас су.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Бәйдібек би көшесі, 116/1 мекенжайында орналасқан «ЖК Наурыз Парк» тұрғын үй кешенінің жерасты паркингінде үш аптадан бері кәріз суы ағып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бейнежазбада құбырлардың түбінен су сыздықтап ағып, қабырға мен еденді бүлдіріп жатқаны анық көрінеді. Салдарынан сыз тартқан орындар үгіліп, бетон қабаты мүжіліп барады. Тұрғындар «бір күні құбыр жарылып, үйдің конструкциясына зиян келсе, оған кім жауап береді?» деп алаңдаулы.

Олардың сөзінше, бұл мәселеге байланысты жауапты мекемелерге бірнеше рет шағым айтылған. Алайда «бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деген жауаптан әрі аса алмаған. Салдарынан проблема шешімін таппай, жағдай ушығып отыр.

Тұрғындар қала әкімдігінен шұғыл түрде араласуды сұрайды. Олар кәріз суын тоқтатып, бүлінген аумақты қалпына келтіруді талап етеді. «Басқа амалымыз қалмады» дейді көпшілік.

Мәселе назарға алынбаса, жерасты паркингінің жағдайы одан әрі нашарлап, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0