Талдықорған қаласының қақ ортасындағы аулалардың бүгінгі көрінісі көңіл көншітпейді.
Біржан сал көшесі бойындағы 60, 62, 66-үйлердің тұрғындары жылдар бойы шешілмеген мәселеден қажыған. Аулаға кіру мұң. Асфальт әбден тозған, ой-шұңқыр көбейген. Жаңбыр жауса болды - айнала батпақ пен көлшікке айналады. Көліктердің астыңғы бөлігіне зақым келу қаупі күн сайын артып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мәселе мұнымен шектелмейді. Тұрғындардың айтуынша, такси жүргізушілері көліктерін кіреберіс тұсына және тар өткелдің бойына бейберекет қалдырады. Соның салдарынан адамдар өз үйіне не көлікпен кіре алмайды, не қалыпты түрде тұрақ қоя алмайды. Аула - тұрғындардың меншігіндегі аумақ. Алайда іс жүзінде ол ретсіз автотұраққа айналған.
Ең сорақысы - бұл жағдай қала орталығында орын алып отыр. Тұрғындар артық ештеңе талап етпейді: жолды жөндеу және тұрақ мәселесін тәртіпке келтіруді сұрайды. Қарапайым инфрақұрылымды реттей алмаған әкімдік ертең ауқымды жобаларды қалай жүзеге асырмақ? Орталықтағы бірнеше үйдің мәселесін шеше алмаған жауапты органдар шет аймақтарға қандай үлгі көрсетеді?