Иран төңірегіндегі текетірес қауіптің әрдайым алыстан емес, кейде ең жақын ортадан да туындауы мүмкін екенін көрсетті.
Тележурналист Азамат Әбілқайыр геосаяси ахуалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, Иран төңірегіндегі текетірес қауіптің әрдайым алыстан емес, кейде ең жақын ортадан да туындауы мүмкін екенін көрсетті.
Осыған байланысты журналист Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын еске салды. Президент өңірлік ынтымақтастықтың маңызын үнемі атап өтіп келеді. Ол Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тату көршілік қатынастарды дамытуға, сенімді диалог орнатуға және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән береді. Мемлекет басшысының пікірінше, дамушы және орта державалар үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара тығыз ықпалдастықты сақтау аса маңызды.
Азамат Әбілқайыр жаһандық турбуленттілік жағдайында көрші елдер арасындағы өзара түсіністік пен прагматикалық ұстаным қауіпсіздіктің негізгі факторына айналатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның сыртқы саясаттағы байыпты әрі теңгерімді бағытына назар аударып, күрделі өңірлік ортада сарабдал саясат жүргізіп отырған Иорданияның тәжірибесін мысалға келтірді.