$ 497.56  586.92  6.44

Жол апаты: марқұмның отбасы Шавкат Рахмоновтың әйеліне кешірім берді

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысуымен болған жол апатына қатысты сот отырысы өтті. 

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Былтыр жазда болған оқиғадан екі әйел адам көз жұмған . Сот отырысында марқұмның отбасы осы іс бойынша айыпталушы Гүлайым Рахмонованы кешіретінін мәлімдеді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Сот отырысында қаза тапқан әйелдің әкесі қайғылы жағдай туралы тек кешке қарай естігенін айтты. Оның сөзінше, Алматыдағы үйлеріне айыпталушының туыстары мен жол апатынан көз жұмған екінші әйелдің анасы келген.

«Олар бізден кешірім сұрады. Бірге жыладық», - деді марқұмның әкесі сотта.

Сондай-ақ ол айыпталушы тарап марқұмның денесін Жамбыл облысынан жеткізуге көмектесіп, жерлеу рәсіміне байланысты шығындардың бір бөлігін өз мойнына алғанын тілге тиек етті.

Судьяның «айыпталушыны кешіресіз бе?» деген сұрағына ол: «Бұл - жол. Онда не боларын ешкім білмейді», - деп жауап берді.

Қаза тапқан әйелдің артында 2006 жылы туған ұлы қалған.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың жазында Жамбыл облысындағы Алматы - Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында болған. Тергеу мәліметінше, Гүлайым Рахмонова Қарағандыдан Алматыға қарай көлікпен бара жатқан. Қасында әпкесі, ұлы және құрбысы болған.

Жолдың 296-шақырымында Toyota Land Cruiser көлігі тізгінге бағынбай, қоршауға соғылып, аударылған. Салдарынан бір әйел оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0