Таяу Шығыстағы қақтығыс күшейген тұста Қазақстанның логистикасына қауіп бар ма? Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев осы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін негізгі стратегиялық бағыттар сақталып отыр. Алайда Парсы шығанағына бағытталған жүк тасымалында жүк жөнелтушілер көлемді уақытша ұстап отырғаны байқалады.
Бұл – өңірдегі геосаяси жағдайға байланысты сақтық шарасы. «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі Түрікменстан арқылы өтеді. Дегенмен Түрікменстанға кіргеннен кейін бағыт Иран аумағы арқылы жалғасады.
Яғни бұл маршрутта Иранды айналып өту мүмкін емес. Сондықтан қазіргі жағдай жүк жөнелтушілердің шешіміне әсер етіп отыр. Сонымен қатар министр шекарада жүк кептелісі немесе Иран бағытында тоқтап тұрған тауар көлемі туралы ресми дерек жоқ екенін айтты.
Оның сөзінше, егер ірі көлемде кідіріс болса, бұл туралы ақпарат құралдары әлдеқашан хабарлаған болар еді. Қазіргі таңда Иран бағытында «жүк тұр» деп айтуға негіз жоқ. Алайда Парсы шығанағына шығатын бағыттар бойынша бизнес сақтық танытып отыр.