Тамақтану құны айына 70 мың теңге.
Алматыдағы International Steppe School of Almaty by NIS мектебінде оқушылардың тамақтануына байланысты дау шықты. Ата-аналар балалардың денсаулығы нашарлаған жағдайлар болғанын айтып, тамақ сапасын бақылаудың ашық әрі әділ жүйесін енгізуді талап етуде. Ал НЗМ жүйесі өкілдері балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жүйелі заңбұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл мәселе туралы ата-аналар 3 наурыз күні Алматыдағы Қазақстан Баспасөз клубы алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Олардың сөзінше, мектептегі тамақтануды ресми жеткізуші – жеке кәсіпкер «Килибаева Г.К.» қамтамасыз етеді. Ата-аналардың негізгі наразылығы осы жеткізушінің жұмысына қатысты болып отыр.
Ата-аналар балалар арасында улану жағдайлары, аллергиялық реакциялар, соның ішінде Квинке ісінуі тіркелгенін, асқазан-ішек жолдары бұзылғанын, сондай-ақ кейбір оқушылардың салмағы төмендегенін айтты.
Ата-аналардың бағалауынша, мектепте шамамен 180 бала оқиды. Бастамашыл топтың мәліметінше, асханадан толықтай бас тартқан отбасылар саны – 52. Тағы шамамен 10 оқушы мектепке үйден тамақ әкеледі. Ал 15-ке жуық отбасы балалардың денсаулығына қатысты қиындықтар болғанын хабарлаған.
2D сынып оқушысының анасы Альмира Орлованың айтуынша, мектептегі тамақ үшін ата-аналар бөлек ақы төлейді.
– Тамақтану құны айына 70 мың теңге, – деді ол.
Ата-аналар бірнеше рет мектеп әкімшілігіне жүгініп, бұзушылықтарды бракераж комиссиясы арқылы тіркегенін, хаттамалар жасап, бақылаушы органдарға шағым жолдағанын айтты. Алайда олардың сөзінше, айтарлықтай өзгеріс болмаған. Осы себепті олар БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болған.
Олардың айтуынша, балалардың жағдайы нашарлаған жекелеген оқиғалар бойынша медициналық анықтамалар бар.
– Біз брокколи немесе гүлді қырыққабат үшін күресіп отырған жоқпыз. Біз балаларымыз жейтін сапалы тамақ берілсін дейміз, – деді Альмира Орлова.
Баспасөз мәслихатында ата-аналар санитарлық қызметтің тексерісінен кейін шығарылған нұсқама туралы да айтты.
– Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жеткізушінің мектеп аумағында балаларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ екені туралы нұсқама шығарды, – деді 2D сынып оқушысының анасы Айтан Бекхожина.
Альмира Орлованың айтуынша, асхананың жұмысы уақытша шектелген кезеңде ата-аналар балаларға тамақты өз қаражаттарына жеткізуді ұйымдастырған. Алайда шектеу мерзімі аяқталған соң, оларды «асхананы басып алуға тырысты» және кейтерингті алға жылжытты деп айыптай бастаған.
– Мен ашық мәлімдеймін: менің мұндай бизнесім ешқашан болған емес, жоқ та, болмайды, – деді ол.
Сондай-ақ ата-аналар кейбір отбасылардың үнсіз отырғанын айтты. Себебі олардың балалары мектепте жеңілдікпен немесе шәкіртақымен оқиды, сол үшін ықтимал салдардан қорқады.
1C сынып оқушысының анасы Малика Қайранова бұл мәселенің неге түбегейлі шешілмегенін түсінбейтінін айтты.
– «Біз бірнеше ай бойы мектеп әкімшілігінен асхананың жұмысын реттеуді сұрадық. Кейде ескерту жасаған соң жағдай уақытша жақсарды, бірақ бір аптадан кейін бәрі қайтадан бұрынғы қалпына түсті.Мен әлі күнге дейін санитарлық қызметтің нұсқамасы бола тұра, бұл жеткізуші неге мектепке қызмет көрсетіп отырғанын түсінбеймін, – деді ол.
Ал Назарбаев Зияткерлік мектептері баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу жылының басында олар International Steppe School of Almaty мектебіндегі тамақ сапасына қатысты ата-аналардан өтініштер алған.
НЗМ дерегінше, ресми жеткізуші «Килибаева Г.К.» жеке кәсіпкері конкурс нәтижесінде заңды түрде таңдалған.
НЗМ тарапынан мектеп ата-аналардың өтініштерін қарап, бірқатар алдын алу шараларын қабылдаған: – ас мәзірі жаңартылған; – екі шеф-аспаз тартылған; – асхана жабдықтары жаңартылған; – ішкі санитарлық бақылау күшейтілген; – тағамның теңгерімді болуын бақылау үшін диеталық мейірбике бекітілген.
Сонымен қатар мектепте апта сайын ата-аналардың қатысуымен дайын тағамға бракераж жүргізіледі және оқушылар арасында сауалнама алынады. Соңғы сауалнама нәтижесіне сәйкес, оқушылардың 70 пайыздан астамы тамақ сапасына қанағаттанатынын көрсеткен.
НЗМ мәліметінше, мектептің ас блогын Алматы қаласы Медеу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы да тексерген. Анықталған «ұсақ ескертулер» белгіленген мерзімде жойылған.
– Мектеп ресми жеткізушімен бірлесіп, оқушылардың тамағының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жүйелі бұзушылықтар анықталған жоқ, – деп мәлімдеді НЗМ өкілдері.