03.03.2026, 22:30

«5 баласы қалды»: Ақтөбеде ер адам әйелін өлтіріп, кейін өзіне қол салған

Фото: Depositphotos

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында былтырғы қарашада болған адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, ер адам әйелімен бірге көлікпен тасжолы бойымен келе жатқан. Жолда олардың арасында жанжал туындаған.

Сотта анықталғандай, ер адам көлікті тоқтатып, ас үй пышағын алып, артқы орындықтағы жұбайының қасына отырған. Ол әйелін етпетінен жатқызып, сол аяғымен арқасын басып тұрып, мойын тұсына бірнеше рет пышақ салған. Алған жарақаттары салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Кейін ер адам жол бойынан арқан сатып алып, өндірістік цех аумағында асылып қалған. Марқұмдардың артында 5 баласы қалды.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Айыпталушының қайтыс болуына байланысты оның адвокаты істі тоқтату туралы өтініш білдіріп, прокурор оны қолдаған.

Сот Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабына сәйкес, қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.