05.03.2026, 09:30

Банктер байып жатыр, ал бизнес несие ала алмай отыр (ВИДЕО)

Фото: canva

Банк секторындағы пайданың негізгі бөлігі бірнеше ірі қаржы ұйымының қолында шоғырланған.

2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторы 198,6 млрд теңге көлемінде таза пайда тапты. Бұл – небәрі бір айдағы нәтиже. Бір қарағанда қаржы жүйесінің тұрақты әрі табысты жұмыс істеп жатқанын аңғартатын көрсеткіш сияқты. Алайда бұл цифрлар банк жүйесінің шынайы рөлі туралы жаңа сұрақтарды алға тартып отыр. Банктердің табысы өсіп жатқанымен, олар ел экономикасының дамуына қаншалықты үлес қосып отыр?

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9 пайызға, ал 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13 пайызға төмен. Соған қарамастан, бір айдың ішінде 198,6 млрд теңге табыс табу – Қазақстандағы қаржы секторындағы ақша айналымының ауқымын көрсетеді. Дегенмен сарапшылар бұл табыстың құрылымына назар аудару керек екенін айтады.

Банк секторындағы пайданың негізгі бөлігі бірнеше ірі қаржы ұйымының қолында шоғырланған. Статистикаға сүйенсек, жалпы табыстың 67 пайызы небәрі бірнеше банкке тиесілі. Олар – Halyk Bank, Банк ЦентрКредит.

Қаңтар айының қорытындысы бойынша ең жоғары таза пайда көрсеткен банк – Halyk Bank. Қаржы ұйымы бір айда 70,6 млрд теңге табыс тапқан. Одан кейін 20,6 млрд теңге пайдамен Банк ЦентрКредит тұр. Бұдан кейін ForteBank 12 млрд теңге, Alatau City Bank 8,8 млрд теңге табыс көрсеткен. Citibank Kazakhstan филиалы 7,4 млрд теңге пайда тапса, Отбасы банк 5,1 млрд теңге табысқа қол жеткізген. Сонымен қатар Freedom Bank 3,5 млрд теңге, Қазақстандағы Банк ВТБ еншілес ұйымы 3,45 млрд теңге және Bank RBK 3,3 млрд теңге пайда көрсетті.

Бұл деректер Қазақстандағы банк жүйесінің табысты екенін көрсетеді. Алайда мәселе тек табыстың көлемінде емес. Қаржы секторындағы пайданың қайдан түсіп жатқанында.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық банктердің негізгі табысы өндіріс пен жаңа кәсіпорындарды қаржыландырудан емес, тұтынушылық несие мен комиссиялық қызметтерден түседі. Соңғы жылдары халыққа берілетін тұтынушылық несиелер күрт өсті. Бөліп төлеу қызметтері, онлайн несиелер, қысқа мерзімді қарыздар банк секторындағы табыстың негізгі көздерінің біріне айналды. Яғни қаржы жүйесі экономиканың нақты секторын қаржыландырудан гөрі халықтың тұтынуын несиелеуге көбірек бейімделіп бара жатыр. Бұл үрдіс ұзақ мерзімде экономиканың тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Себебі өндіріс пен жаңа кәсіпорындар қаржыландырылмаса, экономикада жаңа жұмыс орындары пайда болмайды.

Бұл мәселе соңғы жылдары билік деңгейінде де жиі айтылып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет банк секторын сынға алып, қаржы ұйымдары экономиканың нақты секторын жеткілікті деңгейде қолдамай отырғанын атап өткен. Мемлекет басшысы банктердің табысы өсіп жатқанымен, олардың бизнеске және жаңа өндірістерге қаржы бөлуі әлсіз екенін айтқан болатын.

Осы мәселеге Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров та бірнеше рет назар аударған. Оның айтуынша, қазіргі банк жүйесінің бағыты ел экономикасының дамуына емес, қаржы ұйымдарының өз табысын көбейтуге көбірек бағытталған.

«Мен бұл мәселені шыны керек екі жылдан бері көтеріп жүрмін. Банктердің жүйесі және банктердің бағыты қазіргі таңда экономиканың дамуына бағытталмаған. Тек қана өзінің пайдасын табуға бағытталған. Біз қазір салық кодексіне және банк туралы заңға бірқатар өзгерістер енгіздік. Мысалы, сіз айфон сатып алуға несие бересіз, ал жұмыс орнын ашуға несие бермейсіз. Бұл неге алып келеді? Міндетті түрде халықтың қарызға батуына алып келеді. Банктің басым бағыты жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпорындарды, зауыттар мен фабрикаларды қаржыландыру болуы тиіс», – дейді депутат.

Шынында да, Қазақстандағы несие құрылымына қарасақ, тұтынушылық қарыздардың үлесі жылдан жылға өсіп келеді. Соңғы жылдары халықтың қарыз деңгейі де айтарлықтай артқан. Көптеген азамат тұрмыстық техника, смартфон, жиһаз немесе басқа да тұтыну тауарларын несиеге сатып алуға үйреніп кеткен.

Ал экономикаға ұзақ мерзімді әсер ететін өндірістік жобаларға берілетін несиелердің көлемі салыстырмалы түрде төмен. Банктер үшін тұтынушылық несие тиімдірек саналады. Себебі ол тез айналады және жоғары пайыздық табыс әкеледі. Ал өндіріс саласына берілетін несие ұзақ мерзімді, тәуекелі жоғары әрі пайдасы бірден байқалмайды.

Осының салдарынан Қазақстан экономикасында тағы бір дисбаланс қалыптасып отыр. Қаржы жүйесі халықтың тұтынуын қолдап отырғанымен, өндірістік сектор жеткілікті қаржыландырылмай отыр. Бұл өз кезегінде экономиканың құрылымдық әлсіздігін күшейтеді.

Экономистердің айтуынша, банк жүйесі экономиканың «қан тамыры» болуы тиіс. Егер қаржы ағыны өндіріс пен инновацияға бағытталмаса, экономикалық өсім тұрақты болмайды. Қаржы ресурстары жаңа зауыттар мен кәсіпорындарға, технологиялық жобаларға және экспортқа бағытталған өндірістерге салынғанда ғана экономикада сапалы өзгеріс болады.

Сондықтан банк секторындағы миллиардтаған табыс тек қаржы ұйымдарының ішкі көрсеткіші болып қалмауы керек. Бұл қаражат экономиканың нақты секторына бағытталып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өндірістің дамуына және елдің индустриялық әлеуетінің артуына қызмет етуі тиіс.

Әйтпесе банктердің пайдасы өсіп жатқанымен, қоғамдағы экономикалық мәселелер шешілмей қала беруі мүмкін. Ал бұл жағдайда банк жүйесінің табысы мен халықтың әл-ауқаты арасындағы айырмашылық одан әрі тереңдей түсуі ықтимал.