06.03.2026, 09:30

Банктер халықтың әр тиынын аңдуға көшті: мобильді аударымдар үшін қазақстандықтар салық пен айыппұлға ілігуі мүмкін

Фото: fingramota.kz

Қазақстанда банктен банкке ақша аудару бұрынғыдай еркін операция болмай барады.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мобильді аударымдар мен жеке тұлғалардың банктік шоттарындағы ақша қозғалысын бақылау жаңа кезеңге өтті. Енді банктер азаматтардың қаржылық операциялары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына бұрынғыдан да кең көлемде ұсынуға міндеттеледі. Ресми түсіндіру бойынша, бұл өзгерістер көлеңкелі экономиканы азайту үшін енгізілген. Алайда қоғамда бұл талаптардың ең алдымен қарапайым халық пен шағын кәсіпкерлерге ауыр тиіп отырғаны жөнінде пікір көбейіп келеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жаңа ережелер Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығымен бекітілген. Бұл құжат Салық кодексінің 55-бабын іске асыру мақсатында қабылданған. Бұйрықтың атауының өзі бірнеше жолға созылады. Онда банктердің мемлекеттік кірістер органдарына қандай мәліметтер ұсынатыны, жеке және заңды тұлғалардың шоттары туралы ақпарат, шоттағы ақша қалдығы мен қозғалысы, активтер мен міндеттемелер, сондай-ақ азаматтардың кірістері мен мүлкі туралы декларацияларға қатысты деректер қамтылған.

Яғни, банктер енді азаматтардың шотында қанша ақша бар екенін ғана емес, оның қайдан келгенін, қалай жұмсалғанын және қандай операциялар жасалғанын да салық органдарына жеткізуі мүмкін. Ресми түсіндіруде бұл бақылау көлеңкелі экономиканы қысқарту үшін қажет делінгенімен, іс жүзінде әрбір қазақстандықтың банктік шотындағы қозғалыс фискалдық бақылаудың нысанына айналып отыр.

Жаңа тәртіптің басты жаңалығы – мобильді аударымдарды кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде танудың жаңа өлшемшарттары енгізілді. Енді егер жеке тұлғаның банктік шотына үш ай қатарынан әр айда 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе және үш айдағы түсімнің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асып кетсе, бұл операциялар кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылуы мүмкін. 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге екенін ескерсек, үш айдағы шекті сома 1 миллион 20 мың теңгеге тең. Яғни, мәселе енді тек мобильді аударым санына ғана емес, оның жалпы көлеміне де байланысты болады.

Егер осы өлшемшарттардан асатын операциялар анықталса, салық органдары азаматтан түсініктеме талап етуі мүмкін. Ал егер түскен қаражаттың жеке аударым емес, кәсіпкерлік табыс екенін дәлелдей алмасаңыз, салық төлеу міндеті туындайды немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етіледі.

Тіпті жағдай күрделене түссе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 275-бабына сәйкес төленбеген салықтың 200 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Егер мұндай бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 300 пайызға дейін өседі.

Бұл жүйе бастапқыда көлеңкелі бизнесті анықтау үшін енгізілгенімен, іс жүзінде оның салдары ең алдымен шағын кәсіпкерлерге әсер етуде. Себебі көптеген шағын дүкендер, дәмханалар, курьерлік қызмет көрсететін адамдар, үйден жұмыс істейтін шеберлер немесе онлайн саудамен айналысатын азаматтар төлемді көбіне мобильді аударым арқылы қабылдайды.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, мұндай бақылау бірқатар күтпеген экономикалық салдарға әкелген. Біріншіден, көптеген шағын кәсіпкерлер қайтадан қолма-қол есеп айырысуға көше бастады. Цифрландыру дәуірінде экономика қайтадан «қолма-қол» кезеңіне қайтып бара жатқандай көрінеді.

Екіншіден, сауда орындарында екі түрлі баға қалыптаса бастаған. Картамен немесе мобильді аударым арқылы төлесеңіз – тауар қымбат, ал қолма-қол берсеңіз – арзанырақ. Кей жағдайда айырмашылық 10 пайызға дейін жетеді.

Үшіншіден, депутаттардың пікірінше, мобильді төлемдерді бақылау инфляцияның өсуіне де әсер еткен факторлардың бірі болуы мүмкін. Себебі кәсіпкерлер қосымша шығындарды бағаға қосуға мәжбүр.

Төртіншіден, мұндай бақылау шағын бизнес пен қарапайым азаматтардың қаржылық жағдайына қосымша қысым түсіреді.

Салыстыру үшін, Ресейде мобильді аударымдарға қатысты бақылау әлдеқайда жоғары шектен басталады. Онда тек тәулігіне 30-дан астам аударым алатын немесе айына шамамен 1 миллион рубльден (шамамен 6,6 миллион теңгеден) асатын операциялар ғана күдік тудырады. Ал Қазақстанда үш айда небәрі 1 миллион теңгеден асқан аударымдар да тексеруге ілігуі мүмкін.

Мәжіліс депутаттары осыған байланысты бірнеше ұсыныс айтқан. Олар мобильді төлемдерді бақылаудың ең төменгі шегін көтеруді, ұсақ төлемдерді тексермеуді және шағын саудагерлерге қысымды азайтуды сұраған.

Мәселен, депутаттар мобильді аударымдарды тек айына 1 миллион теңгеден асқан жағдайда ғана бақылауға алуды ұсынды. Сондай-ақ ұсақ төлемдерді – 3–5 мың теңгеден төмен сомаларды мониторингтен шығару туралы бастама көтерді.

Дегенмен Үкімет бұл ұсыныстардың басым бөлігін қолдамаған. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, мобильді аударымдарды бақылау туралы шешімді Парламенттің өзі заңдастырып берген.

Оның сөзінше, банктер жеке тұлғаларға арналған онлайн аударым сервистерін 2017 жылдан бастап енгізген. Алайда кейін көптеген адамдар бұл қызметті сауда-саттықта пайдаланып, табысын жасырған.

Сондықтан банктерден алынған мәліметтер негізінде салық органдары кәсіпкерлік белгілері бар операцияларды анықтап, тексеру жүргізеді.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері банкомат арқылы шотты толықтыру операциялары мұндай мониторингке ілікпеуі мүмкін екенін де айтқан. Бұл жағдай жаңа жүйенің тиімділігіне қатысты қосымша сұрақ туғызды.

Сарапшылардың пікірінше, көлеңкелі экономиканы қысқарту – дұрыс мақсат. Алайда бақылау жүйесі теңгерімді болуы тиіс. Әйтпесе, миллиардтарды офшорға шығаратын ірі қаржылық схемалар емес, күнделікті табыс табатын қарапайым азаматтардың аударымдары ғана бақылауға алынуы мүмкін.