Несие сомасының ең жоғары мөлшері — 36 миллион теңге.
Қазақстанда тұрғын үй алуға арналған «Наурыз-2026» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спикердің айтуынша, өтінімдер 31 наурызға дейін қабылданады. Бағдарламаға қатысу үшін депозитте кемінде 2 миллион теңге болуы керек, сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда атына тұрғын үй тіркелмеуі тиіс.
Банк басшысы бұл бағдарламаны баспана алудың ең жылдам жолдарының бірі деп атады. Шарт бойынша бастапқы жарна 20 пайызды құрайды, ал несие сомасының ең жоғары мөлшері — 36 миллион теңге.
Ибрагимованың сөзінше, өткен жылы осы бағдарлама арқылы 8600 несие берілген. Бұл көрсеткіш Үкімет отырысында да айтылған. Оның пікірінше, мұндай ипотекалық бағдарламалар тек азаматтарды баспанамен қамтып қана қоймай, ел экономикасының өсуіне де әсер етеді.
Сонымен қатар банк барлық тұрғын үй бағдарламаларын біріздендіру жұмысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Сол себепті «Наурыз» бағдарламасы жыл сайын бір уақытта басталады.