Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті желге шыдамады.
11 наурыз күні шамамен сағат 17:00 шамасында Астанада қатты желдің салдарынан тұрғын үйдің қасбетінің бір бөлігі құлап түсті. Оқиға 2015 жылы пайдалануға берілген «Айка» тұрғын үй кешенінде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күшті желдің әсерінен ғимараттың сыртқы жылу оқшаулағыш қабаты (утеплитель) ажырап кеткен. Абырой болғанда, оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген.
Қазіргі уақытта тұрғын үй кешеніне жауапты басқарушы компания келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр. Сондай-ақ қасбетті қалпына келтіру үшін өндірістік альпинистерді тарту мәселесі қарастырылуда.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп-ұстау пәтер иелерінің міндеті екенін еске салды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 34-бабына сәйкес, кондоминиумның ортақ мүлкіне қасбет, кіреберістер, дәліздер, баспалдақ алаңдары, лифтілер, шатыр, кіреберіс үстіндегі шатырлар, шатыр асты, техникалық қабаттар, жертөлелер және үйге ортақ инженерлік жүйелер кіреді.
Қазіргі таңда аталған жағдай бақылауда.