$ 489.39  567.99  6.19

Ақтөбеде мектеп оқушысын бірнеше ит талап тастаған

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, иесіз иттер қоқыс жәшіктерінің маңында жиі топтасып, сол маңайдан өткен адамдарға тап береді.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Ақтөбенің Шанхай ықшамауданында мектеп жасындағы балаға қаңғыбас иттер шабуыл жасады. Қатты шошып қалған 13 жастағы жеткіншек қазір дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға кезінде көшеде жүрген тұрғындар дереу көмекке келіп, Темірланды иттердің ортасынан алып шыққан. Жасөспірім ауыр жарақат алмағанымен, қатты қорқып қалған. Анасының айтуынша, қазір бала үрген иттің дауысын естісе де селк етіп, сыртқа жалғыз шығудан именеді.

“Сол күні ауруханаға барып, қажетті екпелерін алып келдік. Дегенмен әлі де қорқыныш басым. Балам далаға ойнауға да, мектепке де жалғыз барғысы келмейді, “апарып тасташы” деп өтінеді. Ит артынан келіп тістеп алған. Дәрігерлер вакцина алу қажет екенін айтты. Апта сайын төрт рет салдыруымыз керек. Екпеден кейін қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінді”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Салтанат Боранқұлова.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, иесіз иттер қоқыс жәшіктерінің маңында жиі топтасып, сол маңайдан өткен адамдарға тап береді. Олар балалар ғана емес, ересектерден де қаймықпайды. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

“Баламды мектепке апарып жүргенде иттер соңымыздан қалмай ілесіп жүреді. Балалар қоқыс төккеннің өзінде қорқады. Иттер тым көбейіп кеткен. Үйдің артындағы дүкенге бару да қиын. Бір шара қолданылса жақсы болар еді. Қаңғыбас иттер көбейіп жатыр”, – дейді тағы бір тұрғын Алмагүл Асанғалиева.

Биыл “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қаңғыбас иттерді аулау міндеті ветеринария басқармасынан ауыл шаруашылығы бөліміне берілген.

Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатовтың айтуынша, бұл бағытта жеке кәсіпкер сегіз арнайы бригада құрған. Мамандар иттерді ұйықтататын дәрі қолдану арқылы ұстап, панажайға жеткізеді. Агрессиясы бар немесе ауырған жануарлар жойылады, ал қалғандарына стерилизация не кастрация жасалып, құлағына чип орнатылады.

Биыл аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 55 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері шамамен бір жарым мыңға жуық қаңғыбас ит ауланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0