12.03.2026, 13:00

Атырауда қызды азаптап, оны тікелей эфирде көрсеткен жігіт 30 тәулікке қамалды

Фото: видео скриншот

Атырауда 21 жастағы жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде қоштасу сипатындағы видео жариялады.

Атырауда қызға дене жарақаттарын салғанын әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсеткен жігіт 30 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кадрларда ол қолындағы пышақты және қолындағы жараларды көрсетеді. Оның жанында қорқып тұрған, үстінде қанның ізі бар 19 жастағы қыз болған. Сондай-ақ бейнежазбада ол қызды да көрермендерге үндеу жасауға мәжбүрлеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, видеоны жариялағаннан кейін жас жігіт бірнеше сағат бойы қызды ұрып-соғып, оған пышақ жарақатын салған. Болған оқиғаның бір бөлігін ол әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсеткен.

Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Күдікті ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы (“Азаптау”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол мұндай әрекетке баруына бұған дейін өз-өзіне қол жұмсаған досының өлімінен кейінгі ауыр эмоциялық күйі себеп болды деп түсіндірді.

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының 2026 жылғы 9 наурыздағы қаулысына сәйкес, ол Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің 434-бабы 2-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) және 440-бабы 1-бөлігі (“Алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйде келу”) бойынша кінәлі деп танылды. Қызды азаптаған жігітке 30 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.