29.10.2026, 14:40

Дастан Сәтпаевты Англияда жаңа бапкер жаттықтырады

Фото: tengri sport

Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін Англияның «Бернли» клубы жаңа бас бапкерін таныстырды. Команданы бұған дейін Мәскеудің ЦСКА клубын жаттықтырған швейцариялық маман Фабио Челестини басқармақ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

50 жастағы маман Чемпионшиптегі сәтсіз нәтижелерден кейін қызметінен кеткен Ники Хайеннің орнын басты. Осылайша, Дастан Сәтпаев еуропалық футболда бірқатар жетістікке жеткен тәжірибелі бапкердің жетекшілігімен жаттығатын болады.

«Бернлидің» жаңа бас бапкері команданың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, клубта жанкүйерлердің үмітін ақтауға қабілетті сапалы ойыншылар бар.

«Мен “Бернлидің” әлеуетін және жанкүйерлердің мақсаттарына жетуге көмектесетін мықты футболшыларды көріп отырмын. Қазіргі жағдайды жақсы түсінемін және мұндай қиындықтармен бұрын да кездескенмін. Жанкүйерлер алғашқы ысқырықтан бастап өз күшіне сеніп ойнайтын команданы көруге лайық», – деді Фабио Челестини.

Жаңа бапкердің жетекшілігімен «Бернли» алғашқы кездесуін 31 қазанда өткізеді. Чемпионшип аясында команда өз алаңында «Портсмутты» қабылдайды. Ал Ники Хайен қызметінен кеткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында клубты «Ливерпульдің» бұрынғы ойыншысы Стивен Джеррард басқаруы мүмкін деген болжамдар тараған еді.

Фабио Челестини футболшы ретінде жартылай қорғаушы позициясында ойнап, Швейцария, Франция және Испания чемпионаттарында өнер көрсетті. Ол «Лозанна» құрамында 1998 және 1999 жылдары Швейцария кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ француздық «Труа» сапында Интертото кубогының иегері атанып, 2004 жылғы Еуропа чемпионатында Швейцария құрамасының намысын қорғаған.

Челестини бапкерлік жолын 2011 жылы бастап, алғашқыда жаттықтырушының көмекшісі қызметін атқарды. Кейін бірнеше клубты өз бетінше басқарды.

Оның мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі Қазақстанның «Тобыл» клубымен байланысты. 2023/2024 жылғы маусымда қостанайлық команда Конференция лигасының іріктеу кезеңінде Швейцарияның «Базель» клубын сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіп, жарыстан шығарып жіберді. Осы нәтижеден кейін «Базельдің» бас бапкері Хайко Фогель қызметінен кетіп, оның орнына Челестини тағайындалды.

Швейцариялық маманның жетекшілігімен «Базель» 2024/2025 жылғы маусымда ел чемпионатында және ұлттық кубокта жеңіске жетіп, алтын дубль жасады. Кейін Челестини Мәскеудің ЦСКА клубын басқарды. Енді ол бапкерлік мансабын Англияның «Бернли» клубында жалғастырмақ.

Тегтер: Дастан