Жаңбыр жауса болды, көше батпаққа айналып, су үйлердің ауласына дейін кіреді.
Тараз қаласындағы Көшеней 5 көшесінің тұрғындары жол мәселесінен әбден шаршағанын айтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жаңбыр жауса болды, көше батпаққа айналып, су үйлердің ауласына дейін кіреді.
Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Алайда құзырлы органдар құжат бойынша бұл көшеде асфальт төселген деп жауап берген. Жергілікті халық әкімдікке бірнеше рет шағымданғанын айтады. Тұрғындар әкіммен кездесулерде де бұл мәселені көтерген. 2025 жылдың сәуір айында әкім орынбасары келіп, тамыз айында жол толық жөнделеді деп уәде берген. Бірақ содан бері ешқандай жұмыс жүргізілмеген.
Тұрғындардың айтуынша, әр жаңбырдан кейін көше көлге айналады, ал лай мен су үйлердің іргесіне дейін жетеді.
Мұндай жағдайда өмір сүру қиын екенін айтқан халық әкімдіктің уәдесіне сенуден қалған. Қалада жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын қаржы бөлінетіні айтылғанымен, нақты нәтиже көрінбейді. Құжатта асфальт бар деп көрсетілген көшенің іс жүзінде батпақ болып жатқаны жергілікті биліктің бақылауы әлсіз екенін көрсетеді.