Алып шаһар аумағының 23,2 мыңға га.-ға артуына байланысты білім мекемелерінің аздығы байқалады. Бұл туралы кеше өткен тамыз кеңесі барысында кала басшысы Ахметжан Есімов мәлімдеді, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
— Мәселені шешу мақсатында былтырғы оқу жылында «Алғабас» ықшамауданында мектеп салынды, №32 және №109 мектептердің әрқайсысында 1200 орны бар жаңа ғимарат бой көтеріп, қолдануға берілді. 2014 жылы «Жас қанат» ықшамауданында 1200 орынға арналған және екі мектепке қосымша 900 орны бар мектеп салу жоспарда бар. Бұл жеткіліксіз. Сондықтан, қалада кем дегенде 8 мектеп бой көтеру қажет, — деді Ахметжан Есімов.
Қала әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде осы жылы 480 орынға арналған 4 жаңа балабақша салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тағы да 18 балабақшаның құрылысы жүргізілуде.
Жиналысты қорытындылай келе, Алматы қаласының әкімі алдағы оқу жылына тапсырмалар берді. Мектеп түлектері қазақ тілін, орыс тілін және ағылшын тілдерін білу қажет екенін атап өтті.