Жол жөнделеді деген уәде жиі айтылғанымен, сапалы нәтиже жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы Даут–Талшық бағытындағы жолдың жағдайы жұрттың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода трассаның батпаққа айналып, көліктердің әрең жүріп келе жатқаны анық көрінеді. Жүргізушілер бұл жолмен қатынау күн сайын қиындап бара жатқанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бірінші жыл емес.
Жол жөнделеді деген уәде жиі айтылғанымен, сапалы нәтиже жоқ. Әсіресе көктемгі уақытта және жауын-шашын кезінде ауылдарға жету қиынға соғып, адамдар сағаттап жолда жүруге мәжбүр болады.
Кей жүргізушілер көліктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналғанын айтып отыр. Жергілікті халық аудан әкімдігі бұл жолдың мәселесін жақсы білетінін, бірақ нақты шешім қабылданбай келе жатқанын айтады. Бөлінген қаржы бар деген ақпарат болғанымен, жолдың қазіргі күйі тұрғындардың күдігін күшейтіп отыр. Инфрақұрылымы нашар елді мекендердің дамуы да тежелетіні белгілі. Жол жоқ жерде қауіпсіздік те, қалыпты қатынас та болмайды.
Сондықтан тұрғындар жауапты органдардан нақты әрекет күтетінін айтып отыр.