17.03.2026, 09:20

Жаңа Конституция: Референдумның түпкілікті қорытындысы шықты

Фото: Sn.kz

Еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан 7 млн 954 мың 666 адам немесе 87,15 пайыз болды.

Орталық референдум комиссиясы референдумның түпкілікті қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

— Референдумға қатысуға құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны 12 млн 482 мың 613 адам. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны — 9 млн 127 мың 192 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады, — деді комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров. 

Оның айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап, дауыс берген азаматтар саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан 7 млн 954 мың 666 адам немесе 87,15 пайыз болды.

— Референдумға қойылған мәселені қабылдамаған азаматтар саны — 898 099 адам. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны — 127 868. Белгіленбеген үлгідегі сондай ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны — 146 558. Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады, — деді Нұрлан Әбдіров.