Референдум күні ел бойынша 47 мыңнан астам бақылаушы жұмыс істеген.
Республикалық референдум өткен күні Қазақстанда сотқа екі талап арыз түскені белгілі болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, арыздардың бірі Ақтөбе облысында зағип жандарға арналған бюллетеньдегі брайль қарпінің оқылмауына қатысты болса, екіншісі Астанадағы дауыс беру учаскесінде бақылаушының шығарылуына байланысты болған. Комиссия өкілдерінің айтуынша, екі іс те сотта қаралып, талап арыздарды қайтару туралы шешім қабылданған.
Референдум күні ел бойынша 47 мыңнан астам бақылаушы жұмыс істеген. Соның ішінде тек алты адам ғана учаскеден шығарылған. Солардың бірі бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Алайда сот бақылаушыны учаскеден шығару заң аясында болған деген қорытындыға келген. Жалпы референдум күні азаматтардан 35 түрлі сауал түскен. Ең көп өтініш Астана мен Алматы қалаларынан тіркелген. Тұрғындар негізінен дауыс беру тәртібі, учаскені ауыстыру және заң талаптарының сақталуына қатысты сұрақтар қойған. Бұған дейін Орталық референдум комиссиясы референдумның қорытындысын жариялап, Конституцияға енгізілген өзгерістер қабылданды деп таныған болатын.