19.03.2026, 09:10

Жүріп өту мүмкін емес: Семейдің қақ ортасындағы көше батпаққа айналды (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Тұрғындар салық төлеп отырғанын, бірақ жолдың жағдайы жылдан-жылға түзелмей жатқанын айтып наразы.

 

Семей қаласының қақ ортасында орналасқан жаңа ауданның көшесі батпаққа айналып, тұрғындар көлікпен жүру мүмкін болмай қалғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жолдың ортасы лайға толып, көліктердің батып жатқанын көруге болады. Автордың айтуынша, бұл – қаланың орталығына жақын орналасқан жаңа құрылыс аудандарының бірі.

Тұрғындар салық төлеп отырғанын, бірақ жолдың жағдайы жылдан-жылға түзелмей жатқанын айтып наразы. Әсіресе көктемгі уақытта бұл көшеден жаяу жүрудің өзі қиын екені көрінеді. Желі қолданушылары Семейде жол сапасына қатысты шағым соңғы кезде жиілеп кеткенін жазып жатыр. Қалада жаңа үйлер салынып жатқанымен, инфрақұрылым соған сай болмай отырғаны жиі сыналады.

Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бойынша жауапты мекемелер нақты шешім қабылдамай келеді. Қаланың орталығындағы көшенің мұндай күйі жергілікті әкімдік жұмысына қатысты сұрақ тудырады.