Балалар қауіптеніп, аялдамасына жетпей автобустан түсіп қалуға мәжбүр болған.
Өскеменде қоғамдық автобустың ішінде болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, белгісіз ер адам шамамен 10–12 жастағы қыздарға тиісіп, оларды қорқытып, өзін күмәнді ұстаған. Балалар қауіптеніп, аялдамасына жетпей автобустан түсіп қалуға мәжбүр болған. Оқиға кезінде автобуста отырған жолаушылардың бірі араласып, ер адамның әрекетіне тоқтау салған.
Желі қолданушылары мұндай жағдайдың қоғамдық көлікте болуы қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді деп жазып жатыр. Көпшілік ата-аналар балалардың жалғыз жүруі қауіпті болып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Пікір жазғандар мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін полиция мен жауапты органдар бақылауды күшейтуі керек дейді.
Сонымен қатар тұрғындар қоғамдық көліктерде бейнебақылау мен тексеріс неге дұрыс жұмыс істемейді деп сұрақ қойып жатыр. Бұл жағдай қоғамдағы бейқамдықтың соңы үлкен қауіпке әкелуі мүмкін екенін тағы көрсетті.