$ 482.32  553.37  5.63

«Бәріміз шок күйдеміз»: Ақтөбеде 17 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза тапты

Марқұм өткен жылы мектепті тәмамдап, уақытша жұмыс істеп жүрген.

Фото: Zakon.kz
Фото: Zakon.kz

20 наурызға қараған түні Шалқар қаласында жастар арасында болған жаппай жанжал қайғылы оқиғамен аяқталды. Топтық төбелес барысында 17 жастағы жасөспірім пышақ жарақатын алып, көз жұмған. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Марқұм өткен жылы мектепті тәмамдап, уақытша жұмыс істеп жүрген. Ол алдағы уақытта әскер қатарына барып, кейін жоғары оқу орнына түсуді жоспарлаған екен.

«Бәріміз шок күйдеміз. Әлихан адамдармен тез тіл табыса алатын, науқас әжесіне ерекше қамқорлық көрсететін. Бойшаң, келбетті еді. Әскерде қызмет етіп, білімін жалғастырып, отбасына көмектесуді армандайтын. Енді біз оны соңғы сапарға шығарып салуға бара жатырмыз. Әлихан – отбасындағы ортаңғы бала. Оның ағасы және кіші қарындасы бар. Біздің қандай күйде екенімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деді марқұмның тәтесі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жастар арасындағы жанжал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиға салдарынан бір адамның қаза табуы тергеу аясында қарастырылып жатыр.

Қақтығысқа қатысы бар барлық азаматтар анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Құқық қорғау органдары олардың әрекеттеріне заңға сәйкес құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сай жауапкершілікке тартылатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 2