$ 482.32  553.37  5.63

Астанада асық атудан инклюзивті турнир өтті

Турнирді Қазақстан бочча федерациясы мен Sport Culture қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Наурыз мейрамы қарсаңында Астана қаласында ұлттық ойын – асық атудан алғашқы инклюзивті турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Іс-шара Хусейн бен Талал мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан Инклюзивті спорт орталығында өтіп, көптеген көрерменді жинады. Турнирді Қазақстан бочча федерациясы мен Sport Cultureқоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Жарыстың басты ерекшелігі – ойын форматының бейімделуі болды. Қатысушылар үшін арнайы үлкейтілген асықтар қолданылып, бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың да ойынға қатысуына жол ашты. Турнир басталар алдында балалар асықтарды бояп, өздерінің ерекше ойын тұмарларын жасап шығарды.

Іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, нағыз мәдени мерекеге айналды. Қонақтарға дастархан жайылып, халық ансамбльдерінің өнері ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық ойындар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылды.

Қазақстан көкпар федерациясы вице-президенті Алишер Ислам мұндай жобалардың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, ұлттық ойындар – халықтың этникалық коды, ал мұндай бастамалар олардың бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерін тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде дамыту көзделіп отыр.

Турнир идеясы дәстүрлі асық ату ойыны мен паралимпиадалық спорт түрі – боччаның үйлесімінен туған. Бұл ұлттық ойындарға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, асықтардың өлшемін үлкейту арқылы ойынның қолжетімділігі артқанымен, оның негізгі ережелері сақталған. Бұл – ұлттық ойындарды баршаға қолжетімді етудің маңызды қадамы.

Аталған турнир мерекелік шаралардың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар инклюзивті спортты дамытуға қосылған маңызды үлес болды. Алдағы уақытта мұндай форматты кеңейтіп, ұлттық ойындарды түрлі санаттағы қатысушыларға бейімдеу жоспарланып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0