Бұл туралы Президент Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде наградалар қатары Қожа Ахмет Ясауи орденімен толықтырылатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы: «Ата заңда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұл тарихи жәдігері мол Түркістан халқы үшін маңызды жаңашылдық деп ойлаймын. Бірегей болмысы мен төл мәдениетіне табан тіремеген ел дамудың даңғыл жолына түсе алмайды. Біз, елімізде тұрып жатқан біртұтас қазақ халқы, жаңа Ата заңды бағдар етіп ұстап, жұдырықтай жұмылып, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайта беруіміз керек. Осы сәтті пайдаланып, тағы бір маңызды мәселені көтерейін деп отырмын. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысының бірінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи туралы айттым. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі адамзатқа ортақ ғұлама, оны бәріміз ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдауымыз керек. Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе, ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек. Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындыларды және фильмдерді арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуға тиіс».