Бағына қарай ауа райының айтарлықтай жылы болуы оны үсік шалудан аман алып қалды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Абай облысында жоғалып кеткен малшыны 5 күннен кейін жазық даладан тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Құтқару қызметіне 1969 жылғы малшының іс-түссіз жоғалғаны туралы ақпарат кеше түнде түскен. Белгілі болғандай ол 17 наурыз күні Абай ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен мал іздеуге атпен шығып, үйіне қайта оралмаған әрі ұялы телефоны сөндірулі болған. Жоғалған адамды іздеуге арнайы жоғары өтімді техникамен құтқарушылар мен тәртіп сақшылары және оның туыстары жұмылдырылды.
Іздеу тобы бүгін таңертең ер адамды даладан тапты. Оқиға осыдан 5 күн бұрын болған, яғни малшы жерде жатқан атты тұрғызбақ болған кезде жануар оның үстіне құлап, аяғын сындырып алған. Үріккен ат оқиға орнынан ұзап кеткендіктен, ол далада жалғыз қалып, осы уақыт бойы тек қар жеп жан бағуға мәжбүр болған.
Бағына қарай ауа райының айтарлықтай жылы болуы оны үсік шалудан аман алып қалды. Құтқарушылар зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек ретінде ыстық шай беріп, жарақаттанған аяғын таңғаннан кейін медициналық көмек көрсету мақсатында оны Ақшоқы ауылына жеткізді.