23.03.2026, 21:30

Ақмола облысында шахта опырылып, бір адам қаза тапты

Фото: pixabay

Тау-кен құтқарушылары жер бетіне заңсыз кен іздеумен айналысқан үш адамды алып шықты.

Ақмола облысындағы Бестөбе шахтасы опырылып, бір адам қаза тапты. Апат кезінде іште үш адам болған. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оқиға 23 наурызда “Қазақалтын” ЖШС-нің “Новая” шахтасында болған.

“Тау-кен құтқарушылары жер бетіне заңсыз кен іздеумен айналысқан үш адамды алып шықты. Олардың бірі – Степногорск қаласының 2007 жылы туған тұрғыны, екіншісі – Астанадан келген 22 жастағы азамат. Екеуі де бас жарақатын алып, сан сүйектері сынған. Үшінші ер адам үйінді астында қалып, қаза тапты”, – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша Ақмола облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, қайғылы оқиғаның себептері анықталып жатыр.